Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына және еңбек мобильділігі орталықтарының құрылғанына екі жыл толуына орай облыстық спартакиада ұйымдастырылды.
Шараны Батыс Қазақстан облысының Еңбек мобильділігі орталығы өткізді.
Спартакиадаға 100-ден астам қызметкер қатысты. Барлығы 14 команда сынға түсті. Олардың қатарында облыстың 12 аудандық мансап орталығы, сондай-ақ Орал қаласының Мансап орталығы мен Еңбек мобильділігі орталығы бар.
Спартакиаданың мақсаты - қызметкерлер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау. Жарыс екі күнге созылып, түрлі спорт түрлері бойынша өтті. Үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Бұл шара ұжымдық рухты көтеріп, мамандардың бірлігі мен жігерін айқындай түсті.